Өңірдің инвестиция және туризм мәселесінің жетекшісі Ғалымжан Ниязов Маңғыстау ауданының табиғи, тарихи-мәдени, туристік нысандарын аралап, өзекті мәселелерімен жеке танысты.
Өңірдің таңғажайып сырға толы табиғатымен қатар көнеден шежіре тартатын тарихы, мәдени-рухани өзгешеліктері шетелдіктер үшін ғана емес, Қазақстанның басқа өңіріндегі тұрғындары үшін де тартымды. Сондықтан эко-этнотуризмді дамыту басты назарда.
Жұмыс тобы алдымен Қызылқала қалашығы және Ақмыш шатқалы аумағын аралап, тарихи-мәдени нысанның санитариялық тазалығын сақтау мәселесін талқылады. Содан соң облыс әкімінің орынбасары Шерқала тауының аумағын қарап өтіп, аудан әкімдігіне барлық табиғи, тарихи-мәдени, туристік нысандарға бару маршруты бойынша жол сілтемелер орналастыруды, аялдамаларда қоқыс жәшіктері санын көбейтуді тапсырды.
Маңғыстау ауданында бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарлама бойынша төрт санитарлық-гигиеналық тораптар салынуда. Жұмыс сапары Шерқала тауының маңындағы Көгез этноауылында жалғасты. Этноауылдың мақсаты - қазақ дәстүрін дәріптеу. Ұлттық нақышпен безендірілген киіз үйлерде демалушы туристтердің саны күннен күнге артып келеді. Алайда нысанды сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Жұмыс тобында осы сұрақ талқыланып, жауапты тұлғалар тиісті тапсырмаларын алды. Қысқа мерзімде Маңғыстау ауданы әкімдігі тарапынан шешу жолдары ұсынылатын болады.